Е.Тұрғымбаев: Елімізде 13 ақпаннан бастап жүргізуші куәлігін өзімен бірге алмай жүруге болады
ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев өзінің Facebook-тегі парақшасында жүргізушілерге арналған жаңа заң туралы пост жариялады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 ақпаннан бастап еліміздің азаматтарына көлікті тиісті құжаттарды алып жүрмей-ақ, тек жеке куәлікпен жүргізуге болады.
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
2019 жылғы желтоқсанда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізуші құжаттарын ақпараттық жүйелер арқылы тексеру, жүргізушілерге құжаттардың қағаз нұсқаларын өзімен бірге алып жүрмеуге мүмкіндік беру туралы мәселені көтеріп, ІІМ-ге заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді тапсырды.
Жаңа заң биылғы жылдың 13 ақпанынан бастап күшіне енеді.
Бұрын Қазақстанда жүргізушіге құжаттарының бірінің жоқтығы үшін ескерту (егер алғаш рет болса) немесе 5 АЕК айыппұл қарастырылған болатын.
Енді жүргізушілерге көлікті жүргізген кезде өзімен бірге тек бір ғана құжат – жеке басын куәландыратын куәлікті алып жүру жеткілікті.
Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігін, көлік құралын тіркеу куәлігін, сақтандыру полисін, сондай-ақ техникалық байқаудан өткенін растайтын құжатты полицей планшет арқылы тексереді. Ал Интернет желісіне қолжетімділік жоқ елді мекендерде және тас жолдарда тексеру радиобайланыс арналары арқылы жүзеге асырылатын болады.
Жаңа нормалардың қазақстандық жүргізушілік куәлігі жоқ шетелдіктерге және Қазақстанда тіркелмеген көліктерді басқарушыларға қатысы жоқ.
Автокөлікті жүргізуші құжаттарынсыз басқарудың осындай мүмкіндігі Грузия, Украина, Польша, Латвия, Литва сияқты мемлекеттерде бар, ол елдерде де ұлттық заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілген.
Жүргізушілердің құжаттарын өзімен бірге алып жүру және жүргізуші құжаттарын ұсыну міндетін алып тастау – бұл заманауи технологиялық «сервистік» полицияны дамытуға бағытталған тағы бір қадам.
Мемлекет көлікті басқаруды едәуір жеңілдетті, бірақ жүргізушілер басқа жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті есте ұстауы керек.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жүргізушілерді де, жаяу жүргіншілерді де жол жүрісі ережелері мен көлік жүргізу мәдениетін мүлтіксіз сақтауға шақырғым келеді.