Шиеліде мал ұрлығын кәсіп еткен адам ұсталды
Қызылордада мал ұрлығын кәсіп еткен тұрғын ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысының Полиция департаменті қызметкерлерімен жүргізілген жедел іздестіру шараларының нәтижесінде Шиеліде мал ұрлығын кәсіп еткен адам ұсталып, қазіргі таңда онымен жасалған үш ауыр санаттағы мал ұрлығы қылмыстары бойынша тергеп тексеру амалдары жүргізілуде.
Биыл шілде айында күндізгі уақытта полицияға Шиелі кентінің тұрғыны екі бас сиырын жайылымнан ұрланғандығы жөнінде арыз беріп, барымташыны ұстап, заң жүзінде шара көруді сұраған.
Үш күннен соң тағы да бір тұрғын жайылымдық жерден екі бас сиырының ұрланғандығы жөнінде арызданды.
Бұған қоса, 5 тамыз күні полицияға мал ұрлығы жөнінде тағы да бір арыз түседі. Кент тұрғыны канал жиегіндегі жайылымға кеткен бір бас сиырының қолды болғанын айтады.
Орын алған оқиғалар бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1 бабының 2-бөлігі 1-тармағымен (Ірі мөлшердегі мал ұрлығы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Полиция бөлімінің қызметкерлерімен жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде осы қылмыстарды жасаған Шиелі кентінің 35 жастағы тұрғыны құрықталып, қылмысы толық дәлелденіп, уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.
Ауыл тұрғындары ұрыны ұстап, қызметіне деген жауапкершілік үлгісін танытқан полиция қызметкерлеріне өздерінің алғысын әлеуметтік желілер арқылы жолдаған бейнежазбалары арқылы білдіруде.
Бұл болса, халық игілігі жолында жауапкершілік жүгін арқалаған тәртіп сақшыларының күнделікті қызметінің бір көрінісі ғана.