Абайдың «Жидебай – Бөрілі» қорық-музейіне шахмат тақтасы табысталды
Шығыс Қазақстан облысының мекемесі Абайдың «Жидебай – Бөрілі» қорық-музейіне шахмат тақтасын табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абайдың «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры Жандос Әубәкір ШҚО бойынша ҚАЖД ОВ-156/15 мекемесіне шахмат әзірлеуге өтініш білдірген. Әлемдегі кең таралған ойын тақтасы арнайы қайың ағашынан мультикам аппараты арқылы жасалған. Ақыл-ойды дамытып, зиялылыққа жетелейтін зерделі шахмат тақтасының ұзындығы 90 см , ал ені 50 см құрайды. Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайының басшысы Жандос Мағазбекұлы мекеме қызметкерлеріне алғысын білдіріп, «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне шақырды.
– Мекемемізге ұлы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына байланысты ойын тақтасын жасаттыру біз үшін ұлы құрмет болып табылады. Келешекте музей қызметкерлерімен етене жақын қарым-қатынас орнатып, Абай мұражайына барынша көмегімізді береміз, – дейді сотталғандарды еңбекпен ұйымдастыру бөлімінің бастығы И.Алпысов.
Биыл еліміздің Президенті Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту туралы Жарлығына сәйкес Абай музейінің алдында тарихи маңызға ие, ғылым мен зерде орталығы саналатын қасиетті шаңырақты одан әрі дамыту, Ұлы ақын мұрасын алыс-жақын шет елдерге насихаттау, Абай Құнанбайұлының мерейтойын жоғары деңгейде атап өту міндеттері қойылған.