Қызылордалық полицейлер есепте тұрған 2962 адамды тексерді
Қызылорда облысы бойынша «Тұрмыс» жедел іс-шарасының қорытындысымен 305 адам ішкі істер органдарының есебіне алынып, оның 175-не қорғау нұсқамалары шығарылса, 27 құқық бұзушыға мінез-құлқына сотпен ерекше талаптар белгіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қолайсыз отбасы санатымен жеті отбасы, 60 адам маскүнем санатымен есепке алынды. Сонымен қатар, шара барысында 395 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Мысалы, 20 тамыз күні сағат 10:25 шамасында Қызылорда қаласының 73 жастағы әйел өзінің 47 жастағы маскүнем баласынан қорғауды сұрап арызданған. Қызылорда қалалық Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Нұрым Битасов арыз бойынша отбасында жанжал шығарушы бұзақыға 30 тәулікке қорғау нұсқамасын шығарып, қазіргі таңда тәртібіне қадағалау жұмыстарын жүргізуде.
Қазақстан Республикасы әкімшілік кодексінің 73-бабымен (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) 32 адамға, 73-1 (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) және 73-2 бабымен (ұрып-соғу) – 50, 127 бабымен (Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы) – 10, 200-бабымен (Алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу) – 8, 442-бабымен (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) – 163, 440-бабымен (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) – 115, 461-бабымен (Қорғау нұсқамасын бұзу)– 12, 423-1-бабымен (Жиырма бір жасқа толмаған адамдарға темекі бұйымдарын сату) – екі дерек анықталды.
Іс-шара кезінде есепте тұрған 2962 адам мекен-жайларынан тексерумен қамтылды.