Абаттандыру ережелерін бұзғандар жауапқа тартылды
СҚО полицейлері жыл басынан абаттандыру ережелерінің 6,5 мыңнан астам бұзушылығын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абаттандыру ережелерін сақтау – облыс орталығы, СҚО аудандарындағы жергілікті полиция қызметі полицейлерінің маңызды жұмыс бағыты. Қоқысты белгіленбеген жерге төгу, іргелес аумақты тиісті түрде ұстамау, яғни ауылдық жерде көп жағдайда шөпті шаппау – ең өзекті мәселелер болып табылады. Учаскелік полиция инспекторлары халықпен түсіндіру жұмысын жүргізіп, ұйғарымдар шығарады, олардың орындалуын бақылайды.
Аққайың ауданының елді мекендерінде тазалықты ұстауға қатысты белсенді үгіт-насихат жұмысы жүргізілуде. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы билік жолдарды жөндеп жатыр, ауыл тұрғындары туып-өскен жердің күн сайын құлпырып жатқанына қуанышты. Ауылдықтар бұл оң өзгеріске қуанғанымен, күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, үйлерінің сыртқы жағдайын барлығы дерлік келістіре қоймайды. Полицейлердің тексерісі арқасында ауыл тұрғындары қолға шалғы алып, үй маңындағы аумақты жинауға кіріседі.
– Әдетте ұйғарым шығарылады, әкімшілік ықпал ету шарасын қолдануға жеткенде, ескерту сияқты жаза қолданылады, – деді аудандық полиция бөлімінің бастығы Руслан Сапаров. – ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» 505-бабына сәйкес салынған жазадан кейін бір жыл ішінде бұзушылық қайталанып жасалса, айыппұл салынады. Полицейлер әсіресе үйлердің және көше араларында төгілетін қоқысқа баса назар аударады. Ауылдағы қоқыс: күл, көң, сабан ауылдың сыйқын кетіріп қана қоймай, күзде жолдарға да әсерін тигізеді. Жалпы жыл басынан ауданда әкімшілік жауапкершілікке 203 адам тартылды, оның ішінде тек алтауына ғана айыппұл салынған, көп жағдайда ауылдықтарға ескерту жасалынады.
Абаттандыру ережелерін анықтау және алдын алу жұмысы «Таза Қазақстан» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында күшейтілді. Жалпы облыс бойынша жеті айдың ішінде ҚР ӘҚтК 505-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке 6516 адам тартылды, 137 бұзушыға айыппұл салынды. Бұзушылықтардың үштен бір бөлігі Петропавл қ. анықталды. Анықталған бұзушылықтардың жалпы санының 78%-ын жеке тұлғалардың аумақты уақтылы жинамау бұзушылығы құрайды.