Түркістан облысының полицейлері кәмелет жасына толған жастарға жеке куәліктерін тапсырды
Түркістан облысының полицейлері Конституция мерекесіне орай кәмелет жасына толған жастарға жеке куәліктерін тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
30-тамыз ҚР Конституциясы күніне орай Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері кәмелет жасына толғандар үшін арнайы іс-шара ұйымдастырды. Халыққа қызмет көрсету орталығына келген жастарды бұл жолы полицейлер күтіп алды. Оларға өмірлеріндегі басты құжат болып саналатын жеке куәліктерін табыс етті. Сонымен қатар, полицейлер жастарды мерекемен құттықтай отырып, ҚР Конституциясы жазылған кітапшаларды сыйға тартты.
Тәртіп сақшылары ҚР Конституциясын сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, жастардың өзі мен өзгелердің құқықтарын құрметтейтініне сенім білдірді.
Сондай-ақ жастарға: – Еліміздің басты мерекелерінің бірі – Конституция күні! Ата Заңның арқасында біз құқықтарымыз бен бостандықтарымызды сенімді қорғаудамыз. Елімізде еркін өмір сүріп, өз әлеуетімізді жүзеге асыра аламыз. Бірақ Конституция тек құқық қана емес, сонымен бірге әрбір азаматтың борышы болып саналатын міндеттер жиынтығы екенін ұмытпауымыз керек. Осы заң жинағын оқып, мақтанышпен алып жүріңіз. Өз еліңіздің патриоты болыңыз!, – деп тілектерін жеткізді.
Одан кейін сақшылар мүмкіндігі шектеулі бірқатар жасөспірімдердің үйіне арнайы барып, шетелге шығуға арналған дайын төлқұжаттарын табыстады.
Өз кезегінде кәмелет жасына толған жастар өмірлеріндегі маңызды құжаттарын сақшылардың қолынан ерекше түрде алғаны үшін ризашылықтарын жеткізді. Арасында Диас есімді жас жігіт, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін ішкі істер саласын таңдап, болашақта полиция қатарын толықтыратынын сеніммен жеткізді.
Осылайша облыстың полицейлері алғашқы төлқұжаттарын алған Қазақстан азаматтарын Конституция күнімен құттықтай отырып, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық тіледі.