Қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен Түркістан облысының полицейлері 6 адамды ұстады
Қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен Түркістан облысының полицейлері алты адамды ұстады. Жәбірленушілер саны 317 адамға дейін өсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі уақытта Түркістан облысы ПД Тергеу басқармасының өндірісінде ҚР ҚК 217-бабы (Қаржы пирамидасын құру және басқару) бойынша іс қозғалды.
Бүгін Жетісай, Мақтарал және Шардара аудандарының 317 тұрғыны Ішкі істер органдарына арызданған. Күдікті ретінде 6 азамат қамауда, оның ішінде бір ер адам мен бес әйел бар.
Жәбірленушілер күн сайын аудандық полиция бөлімінің жанына жиналады. Полиция бөлімінің бастықтары және прокуратура өкілдері олармен түсіндіру әңгімелерін жүргізді. Осыдан соң тұрғындар өз үйлеріне тарқасты.
Естеріңізге сала кетейік, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Жетісай АПБ қызметкерлері қаржы пирамидасының қызметін тоқтатқан болатын. Тергеу аясында құжаттар, компьютерлер және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленген. Жетісай аудандық полиция бөлімінің базасында облыстық полицияның тергеу және жедел бөлімшелерінің кәсіби қызметкерлерінен тұратын арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.
Тәртіп сақшылары зардап шеккендердің саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Шығын сомасы белгіленуде. Қазіргі уақытта осы қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға «жеңіл ақша» табу үмітімен мұқият болу және бейтаныс адамдарға сенбеу қажеттігін ескертеді. Қаржы пирамидасының «құрбаны» болмас үшін қарапайым қырағылықты сақтау керек және инвестицияларға қатысты күмәнді уәделерге сенбеу керек.