Алматы облысының полицейлері балаларды мектепке дайындауға көмектесті
Алматы облысында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды мектепке дайындау бойынша қайырымдылық акциясы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қайырымдылық шарасына Алматы облысы ПД Тергеу басқармасының қызметкерлері ұйытқы болды.
– Жақсы дәстүрлерді жалғастыра отырып, бірнеше отбасы балаларының интернет арқылы оқуға мүмкіндік жасалды. Ол үшін оларға барлық стандарттарға сәйкес келетін жаңа ноутбуктер сыйға берілді. Бүгін, 1 қыркүйек – Білім күні, Алматы облысы ПД тергеушілері мен анықтаушылары көп балалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету қайырымдылық акциясын одан әрі жалғастырды. Ноутбуктер мен оқу құралдарын алып, тағы бір көпбалалы отбасыға қуаныш ссыйлауға бар, – деді Алматы облыстық ПД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Болат Идиалов.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, бұл полицейлер арасындағы көпжылдық игі дәстүр. Игі шараға тек тергеушілер мен анықтаушылар ғана емес, ішкі істер органдарының өзге де қызметтері белсенді қатысады.
– Елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты бұл оқу жылы бұрынғы оқу жылдарына ұқсамайтыны белгілі. Балалар үйде интернет арқылы, яғни онлайн режимде оқиды. Енді балалар еліміздің жақсы және сауатты азаматы болу үшін сапалы білім ала алады. Біз балаларға қуаныш пен шағын мереке сыйлаймыз, демек, олардың әрі қарай жеке өсуі үшін берік және сенімді іргетасын қалаймыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық әріптестерді осындай іс – шараларды жиі ұйымдастыруға шақырғым келеді, – деп түйіндеді Болат Идиалов.