Алматы облысында «Учаске» республикалық жедел алдын алу шарасы басталды
«Учаске» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасын өткізуді бір айға жуық мерзімге жоспарланған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Бұл акцияның мақсаты учаскелік инспекторлардың азаматтармен тығыз сенімді қарым-қатынасын орнату, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру.
Осы кезеңде учаскелік полиция инспекторлары өздеріне бекітілген әкімшілік учаскелерде халықпен танысу, сондай-ақ қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында аулаларды және пәтерлерді аралайтын болады. Сонымен қатар, жалға берілетін пәтерлер, азаматтық қару иелері, сауда орындары мен базарлар, тұрмысы төмен отбасылар тексеріледі, – деді Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Бағдат Әшімов.
Іс-шараның алғашқы күні-ақ Талдықорған қаласы бойынша үш жүзден астам пәтер, екі жүз елуге жуық жеке үй тексерілді.
– Алматы облысының барлық тұрғындарының осы акцияға түсіністікпен қарап, учаскелік полиция инспекторларының жұмысына ықпал етулерін сұраймын. Аталған іс-шара азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, – деп толықтырды Бағдат Әшімов.