Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түрмедегі наубайхана 16 жылдан бері жұмыс жасайды

Шымкент қаласы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты орта және ауыр қылмыс жасаған сотталған азаматтар жазасын өтейтін ИЧ 167/3 мекемесінде наубайхана 16 жылдан бері жұмыс жасайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мұнда піскен нандарды қаладағы қалған төрт түзеу мекемесіне таратады.

“Еңбек-Шымкент ” филиалының 31-телім шебері Нұрсұлтан Сәдібек жеті жылдан бері сотталған азамматтармен жұмыс жасап келе жатқанын айтты.

– Сонымен қатар наубайханада 12 адам екі ауысыммен жұмыс жасап, тәулігіне бес мекемеге 2 100 бөлке нан жеткізіп береміз. Айлық жалақы мөлшері 42 500 теңге, оған қоса атқарылған жұмыстарына қарай тағы да үстеме ақша беріледі, – дейді наубайхана меңгерушісі.

Сотталғандардың барлығы жұмыс берушілермен келісім-шартқа отырған. Кейбірі тапқан пайдасын жақындарына жіберіп отырады.

ИЧ 167/3 мекемесінде ең жас жазасын өтеуші 19 жастағы Р.Қырықбай да қазіргі таңда наубайхана ісінің шебері болған. Жеті жылға бас бостандығынан айырылған ол балалықпен қателікке ұрынғанын, соған орай сот үкімінің тағайындаған жазасын өтеп келе жатқанын айтты.

– Бұл мекеме маған өмірде қажет болатын көптеген дүниені үйретті деп нық сеніммен айта аламын. Бүгінгі күнде адал еңбегімнің арқасында нан жабудың қыр-сырын біліп қалдым. Бір қап ұннан қанша нан алуға болатынын және оған қосылатын қоспалардың мөлшерін (су, ашытқы, тұз) деген сияқты.  Еңбегім де өтеусіз қалып жатқан жоқ. Айына 40 мың – 45 мың теңге арасында жалақы аламын. Осы наубайхананың арқасында ата-анама, үй ішіме көмектесемін, мекеменің дүкенінен өзіме қажетті заттарды да алып тұрамын.
Мен осы наубайханада істеп жүрген ісімнің табысты әрі жемісті екенін түсіндім. Адамдар киім кимесе де, нан алады. Осы жерден айыбымды өтеп шыққан соң, уақытымды босқа өткізбей, қоғамға, қоршаған ортаға өз үлесімді қосқым келеді. Және де өзіме ” еңбектің наны тәтті ” деген ұстанымды серік еттім, – дейді жазасын өтеуші.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру