Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әке жолын жалғаған «Үздік полицей»

Әке жолын жалғаған «Үздік полицей» Түркістан облысында қызмет етеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ермахан Бейсеев – әке жолын жалғаған үздік полицей. Ол бала күнгі арманын іске асыру мақсатында «Заңгер» мамандығы бойынша жоғары білім алды. Яғни 2001 жылы ҚР Алматы қаласында Әскери академияда, одан Шымкент қаласы Әлеуметтік еңбек қатынастар академиясында оқып, өте жақсы бағамен тәмамдады.

Ал, ішкі істер органындағы алғашқы еңбек жолын Шымкент қаласы, Б.Момышұлы атындағы Заң колледжінің ҚЕТ жүргізушісі – полиция старшинасы қызметінен бастады. 2006 жылы Кентау қаласының ПБ-не патрульдік полиция взводының полицейі лауазымына ауыстырылды. 2007 жылдан бастап қазіргі күнге дейін Кентау қаласының ІІБ-нің Қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету тобының әкімшілік практика тобының инспекторы полиция майоры лауазымында қарқынды қызмет атқаруда.
Кентау қаласы ПБ-де 10 жылдан астам уақыт қызмет атқарып жүріп, өзін жақсы жағынан көрсете білді, тіптен «Үздік қызметкер» белгісін алды. Одан бөлек, Кентау қаласының полиция бөлімінде «Ең үздік учаскелік полиция инспекторы» атағын да иемденген жүзден жүйрік полицей. Өзінің кәсіби шеберлігі мен қырағылығы арқасында басшы құрамы тарапынан бірнеше марапаттарға ие болды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, спортпен шұғылдануды ұнатады. Әсіресе футболға, жеңіл атлетикаға қатысып, бірнеше жүлделі орындардан көрінген.

Осындай «Сегіз қырлы, бір сырлы» Ермахандай ұлды тәрбиелеп өсірген әкесі де, осы саланың қазанында қайнап, барлық қызық та қиын күндерін бастан өткерген ішкі істер саласының ардагері. Бүгінде Құрметті еңбек демалысына шыққан Ердесбек Бейсеев еңбек жолын ОҚО Абай аудандық ішкі істер бөлімінің күзет бөлімшесі қызметінен бастаған. Аталған лауазымда 1991 жылға дейін жұмыс жасаған. Содан Жол полиция инспекторы лауазымына ауыстырылып, 1994 жылға дейін абыройлы қызмет атқарған. Шені – сержант. Бірнеше рет ОҚО ІІД басшысы, Абай аудандық ІІБ басшысы және басқада құқық қорғау органдарының марапаттары, алғыс хаттарымен марапатталған. Бүгінде Ердесбек ақсақал төрт ұл, бір қызды тәрбиелеп отырған асыл әке. Бір қызығы әкесінің күнделікті жұмысқа ерте кетіп, кеш келетінін көріп өскен ұлдары Ермахан мен Ербосын әке жолын жалғаған.

Сөз соңында «Генерал болуды армандамайтын солдат жоқ» дегендей, Ермахандай ержүрек азаматқа көп оқып, көп үйреніп, қиындық пен ауыртпалықты жеңе білген тау тұлғалы азамат болуыңызға тілектестігімізді білдіреміз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру