Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сайрамдық ерлі-зайыпты сақшылар

Сайрам ауданында тұратын Сырлыбаевтар отбасының отағасы мен отанасы – тәртіп сақшылары, –  деп хабарлайды Polisia.kz.

Құқық қорғау органында қызмет ететін ерлі-зайыптылар Ерлан мен Айдын күн-түн демей жұмыс істейді. Олар қазіргі таңда елімізде “тәжтажал” аталып кеткен коронавирус індетінің таралмауы бағытында да өзіндік үлестерін қосып келеді. Ал балаларының үлкені 10 жастағы Аймерей інісі Алдияр мен сіңлісі Аялаға қарап отырады.

Сырлыбаевтар отбасы құрылуының сырына үңілер болсақ, олардың екеуі де 2007 жылы Шымкент қаласындағы Б.Момышұлы атындағы Заң колледжіне оқуға түседі. Бір топта білім алады. 2-курсқа өткендерінде сезімдерінің шынайы екеніне көздері жетіп, ғашықтар қыз бен жігіт болып кездесе бастайды. Осылайша 2009 жылы екі жарты бір бүтін болып отбасын құрады. Екеуінің өмірлік жолдары да, таңдаған салалары да бір. Бүгінде отағасы Сырлыбаев Ерлан Сапаралыұлы Сайрам АПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істейді. Ал оның жұбайы Абдуллаева Айдын Маликқызы осы басқарманың жергілікті полиция қызметі бөлімі ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы.

– Бала күнімнен полиция қызметкері болғым келетін. Аллаға шүкір, сол мақсатыма жеттім. Тәртіп сақшысы атанғаныма да 10 жылдан асып қалыпты. Әйелімде өзіммен бірдей жұмысқа орналасып, құқық қорғау органында еңбек етіп жүр. Ол тек өз балаларының тәрбиесімен ғана емес, профилактикалық есепте тұратын балалардың да тәрбиесімен айналысады. Жарымның жанұясында барлығы әскерилер. Сондықтан болса керек, оның осы саланы таңдағаны. Мен тек қолдау білдіремін. Қазірде коронавирустың таралуына тосқауыл қою мақсатында бізде жұмыс көбейген. Полицейлер күн сайын екі ауысыммен қала көшелерін патрульдеуге шығамыз. Тұрғындардың далада себепсіз жүрмеуін қадағалап, шектеу шаралары жайлы түсіндіреміз, – дейді отағасы Ерлан Сырлыбаев.

Ал, отбасының отанасы, шамшырағы Айдын өз сөзінде: – Біздер екеумізде осы салада қызмет еткендіктен бір-бірімізді жақсы түсінеміз .Ең бастысы – сыйластық. Елдің алдында жүргендіктен бізге қызығып та, қызғанып та қарайтындар аз емес. Қоғамдық тыныштықты сақтау бойынша барымызды саламыз. Одан бөлек, ерлі-зайыпты полицейлер болғандықтан, көптеген отбасылық сайыстарға қатысып отырамыз. Жүлделі орындарға да ие болғанбыз, – деп атап өтті.


Өмірде де, қызметте де жұптары жазылмаған отбасы ретінде танымал Сырлыбаевтар отбасы құқық қорғау органдарының жас қызметкерлері үшін үлгі болып табылады.Ендеше, ізгілік пен махаббат, сыйластық салтанат құрған отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға сәттілік, биік абырой тілейміз!

Сондай-ақ оқыңыздар
  1. Айкен :

    Керемет тамаша жупсыздар бизде жолдасым екеумиз құқық қорғау саласында истеймиз көп балалы отбасымыз

Жауап қалдыру