Ерлі-зайыпты полицейлер – өзгелерге үлгі
Павлодар облысы Тереңкөл ауданының құқықтық тəртіп құрылымдарында ерлі-зайыпты тəртіп сақшылары Ренат пен Динара қызмет етеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция старшинасы Ренат Павлодар облысы мамандандырылған Күзет қызмет басқармасының полицейі болса, жұбайы Динара Тереңкөл ауданы полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі болып көп жылдар бойы адал еңбек етіп келеді.
Бар саналы өмірлерін құқық қорғау ісіне арнаған жұптың ортақ еңбек өтілі 30 жылдан асады.
– Екеуміз де полиция қызметкері болғандықтан, отбасында қызметке қатысты қиындық не болмаса, қандай да бір түсініспеушілік туындамайды, бір бірімізді өте жақсы түсінеміз əрі барынша қолдап келеміз, – деді Динара сөз арасында.
– Динара полиция қызметкері болғанымен, бірінші кезекте əйел адам ғой жəне соны ешқашан ұмытқан емес, мансабы мен үй шаруасын қатар алып жүре білетін мейірімді ана мен қамқор жар- деді жұбайының сөзін жалғастырған Ренат.
Алдағы жақын уақытта екеуінің отбасын құрғандарына 13 жыл толғалы отыр.
Шаңырақтары тек үлгі-өнеге мен мызғымас бірліктен құралған Ренат пен Динара – Рашид, Фарид, Тимур атты үш ұлдарын тəрбиелеп отыр.
Отбасы құндылығын бірінші орынға қоюмен қатар қызметтерінде де жоғары жетістіктерге жеткен, жауапкершілігі мол, мейірбан əке мен ананың үлгі- өнегесін бойларына сіңіріп өсіп келе жатқан ұлдарының ата-ана жолын қуып, өз Отанының адал да абыройлы қызметкерлері болатынына сенімдіміз.
Келе жатқан Отбасы Күні мерекесіне орай, осы мерейлі отбасын құттықтай отырып, зор денсаулық, қажымас қайрат жəне абыроймен атқарып келе жатқан еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер деп тілейміз.