Балнұр Нұрғалиқызы: «Ана алдында құрмет, ата алдында қызмет!»
Түркістан облысы Полиция департаментінде қоғамдағы тыныштықты сақтауға үлес қосып жүрген полицей арулар аз емес, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Олар да өз мамандығын мақтаныш санап, еліміздің дамуына үлес қосып келеді. Нәзік жандылар отбасымен бірге, қауіпке толы қызметін және келіндік міндетін де қатар алып жүр. Себебі қыз баласы болғаннан соң бірінші кезекте ана атану басты міндет. Бүгінгі біздің әңгімемізге арқау болатын кейіпкеріміздің де ата-анасына қамқор, ата-ененің көңілін таба білетін келін, жұмысында білікті полицей екендігі сөзсіз. Ол – Дәулетәлі Балнұр Нұрғалиқызы. Балнұр Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасына қарасты патрульдік полиция батальонының штаб аға инспекторы, полиция лейтенанты.
Ол 1993 жылы Түлкібас ауданында дүниеге келген. Әкесі Нұрғали Балабекұлы, анасы Халима Нұрлыбайқызы. Балнұрдың атасы мен әкесі, нағашылары заң саласының мамандары болған. Сондықтан алма сабағынан ұзап түспейтіні секілді Балнұр қыз да ата жолын жалғастырды.
– Бала кезімде үйіміз полиция бөлімінің жанында болатын. Ол жерден форма киген қыздар мен жігіттерді көретінмін. Және үнемі бір полицей аруға қарап қызығатын едім. Ол ару жұбайы полиция қызметкерімен бірге күнде таңертең жұмысқа бірге келетін. Қос жұп бөлімге кіріп кеткенше қарап тұратынмын. Менің полицей боламын деген арманым сол сәттен басталды. Форма киіп, жұмысыма адал боламын. Полицей болып, полицейге тұрмысқа шығамын дейтін едім. Осылайша кішкентай қыз болсам да тәңірдің қалауы ма екен, армандадым, талпындым, еңбектендім нәтижесінде қол жеткіздім. Алайда арманыма жетудің жолы оңай болған жоқ… Отбасы әрбір адам үшін ұлы құндылық болуы тиіс. Мен қайда жүрсем де отбасымды ылғи бірінші орынға қоямын. Әлі есімде балалық шақта бес жасар кезім болатын, анам бізді қатарымыздан қалдырмай өсіремін деп, сауда жасаумен айналысты. Қысы-жазы базарда мұзды аяқ болып тұрып, азық-түлік сатты. Мен мектепті бітірген уақытта анам да қатты сырқаттанып қалды. Қызыл аттестатымды алып, заң саласына түсемін деп отырған едім. Отбасым үшін арманымнан бас тартуға тура келді. Әлі де үлгерермін деп, бар уақытымды отбасыма арнадым. Анамның орнына базарға барып, сауда жасадым. Мақтанып көкірек кергенім емес, бірақ мен сол сауданы жас болсам да таңертеңнен кешке дейін жасап, отбасымды толығымен қамтамасыз еттім. Тіпті өзіме көлік те сатып алдым. Ал кейіннен анам әбден сауыққаннан соң араға біраз жыл салып, жұмысына қайта оралды. Мен болсам оқуға түсуге бекіндім. Армандаған жоғарғы оқу орнына түстім, ұстаздарымыздан толық білім алуға тырыстым…
Осылайша Балнұр қыздың бала күнгі арманына қайта қанат бітіп, өз күшімен заң саласына оқуға түседі. Студент кезінде де алғыр қыз қатарларының алды болды. Білімділігінің арқасында «Құқықтану кафедрасының лидері» атанды. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Күз аруы», «Қыз сыны» секілді байқауларда бақ сынап, жүлделі болды.
Балнұрдың анасы Халима: – Қызым өте пысық болып өсті. Кішкентайынан тілі тақылдап, сөйлегенде сөзі анық шығатын. Мектепте оқып жүргенде бір күні бос болмайтын. Аптаның алты күнінде де таңертеңнен түске дейін сабаққа барса, түстен кешке дейін бимен, одан қала берді баскетболмен айналысатын. Балнұрдың бойында ер балаға тән ер жүректілік те, қайсарлық та бар. Қызға тән нәзіктік те, инабаттылық та бар.
Осылайша анасы қызының бойында бар қасиеттерін мақтанышпен жеткізді.
Ішкі істер саласындағы алғашқы қызметін Балнұр 2018 жылы Түркістан облысы Түлкібас ауданынан бастады. Ол кездегі лауазымы аналитик еді. Ал бүгінде ол жауаптылық пен ұқыптылықты талап ететін штаб қызметкері.
Балнұр жұбайы Нұрбол Бегалиевпен бірге бір басқармада қызмет етеді. Қос ғашық 2019 жылы шаңырақ көтеріп, бала Балнұрдың армандағанындай күнде таңертең бірге жұмысқа келеді.
– Балнұрды бір көргеннен ұнаттым. Өзі ісіне тиянақты, кез-келген істі дөңгелетіп әкетеді. Сонысымен бірден көзіме түсіп, мен үшін жар болуға лайық қыз деп есептедім. Ақыры ұнату сезімім махаббатқа ұласып, бақ құсымды былтыр қолыма қондырдым. Ендігі арманым Алланың қалауымен сәбилі болу, -дейді Нұрбол.
Ерлі-зайыпты полицейлер бүгінде Түркістан қаласында тұрады. Балнұр бір сөзінде Түркістан киелі мекен ғой жұбайымды осы жерден кездестірдім, енді алдағы уақытта отбасымызға іңгәләған сәби келеді деп үміттенемін дейді.
Полицейдің отбасына келін болған полицей қыздың еңбек жолымен әбден танысқаннан соң, әңгімеміздің соңына қарай ата-ана қадірін қалай түсінетіні, ол жайында замандастарына айтары бар ма соны сұрадық.
– Ана алдында құрмет, ата алдында — қызмет, – деп мақалдатып бастады Балнұр. Әрбіріміздің парызымыз жанымызға жақын жандарды өмір бойы құрметтеу, ардақтау, алғыс алу. Мен өзімді жаспын деп есептемеймін, жас болған күнде де бас болатындай жастамыз. Сондықтан дос-жарандардан, араласқан ортамыздан көріп, байқап жүрміз, ата-ана қадірін білетін де бар, білмейтін де бар. Бірі тірісінде қадір тұтса, енді бірі өмірден өткенде бармағын тістеп, құрметтеу керектігін кеш ұғынып жатады. Алайда барды барында қадірлемесең, жоқ кезінде қадірлеу бекер.
Өзіміз де білеміз ата-анаға баласынан артық жан жоқ. Бар өмірін балам таршылық көрмесе екен, қатарынан қалмай білім алып, мақсатына жетсе екен деумен аянбай еңбек етеді. Яғни, ата-ана үшін баласы – ол бақыт. Ендеше бала үшін ата-ана да бақыт болуы тиіс. Жалпы замандастарыма, өзімнен кейінгілерге айтар едім, әлі де кеш емес. Ата-анаң бар ма, онда барынша ардақта, жанашыр бол, кішкентай кезіңде шағым айтпастан олар сені бақты, қақты. Енді сен оларды бағып, қадірлеуің керек!
Жас та болса бас болуға әбден лайық, жанұяның қадірін жастайынан түсінген, отбасын өзінен де жоғары қоятын Балнұр Нұрғалиқызына біз де көп балалы ана қатарына қосылып, ғұмырлы болуына тілектес екенімізді айттық. Отбасын қадір тұтып, өзгеге үлгі болатын жанашыр полицейлеріміздің қатары көбейе берсін. Отбасы күні құтты болсын!