Түркістан облысында жоғалған жылқыларды полиция иесіне қайтарды
Түркістан облысының полицейлері жоғалған жылқыларды тауып, иесіне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Әйел өз арызында Бадам өзенінің бойында жайылымда жүрген екі бас жылқысы белгісіз жағдайда жоғалып кеткенін көрсеткен. Екі күн бойы өздері іздеп таба алмаған соң, полицейлерге хабарласып, көмек сұраған.
Ақпарат алысымен жоғалған жылқыларды табу үшін аудандық полиция бөлімінің тәжірибелі полицейлерінен арнайы топ құрылды. Полицейлер жылқылар жайылатын аймаққа қарай бірден бағыт алып іздестіруді бастап кетті. Ауыл-аймақтың барлық жайылымдық жерлеріне тінту жүргізіп, көрген-білген тұрғындардан сұрастырды.
Нәтижесінде қырағы полицейлер бір сағатқа жетпей, Тағайна өзені жанынан жылқыларды тапты. Белгілі болғандай жылқылар өзен бойымен бір шақырым қашықтыққа дейін алыстап, жайылып кеткен. Осылайша жоғалған екі бас жылқы иесіне тапсырылды.
Жылқылар жоғалған сәттен бастап жедел әрекет етіп, ұрылардың қолына түспеуіне септігін тигізген полицейлерге тұрғынның айтар алғысы шексіз.
– Полицейлер жылқыларымды тез арада әрекет етіп, тауып берді. Олардың шын мәнінде жедел қызмет ететініне көзім жетті. Қызметтеріңіз алға басып, абыройлы болыңыздар. Рахмет сіздерге, – деп сақшыларға ризашылығын жеткізді.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері мал жайылымында малдарды қараусыз қалдырмай, ұқыпты болу керектігін ескертеді. Сондай-ақ қора-жайларыңызды мұқият бекітіп, төрт-түлікке қажетінше ен салып, таңбалау қажет. Малыңыз жоғалса немесе ұрланса, уақыт жоғалтпай полиция бөліміне тез арада хабарласқаныңыз дұрыс.
Егер де сіз кез-келген қылмыстық оқиғаның куәгері немесе құрбаны болсаңыз, онда тез арада полицияның «102» нөміріне хабар беріңіз.