Түркістан облысының полицейлері шетел азаматтарына бетперде таратты
Түркістан облысының полицейлері шетел азаматтарына бетперде таратты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері «Сана сезім» қоғамдық ұйым мүшелерімен бірлесіп, заңсыз адам саудасына байланысты қылмыстардың жолын кесуге және анықтауға, жеңгетайлықпен басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алуға байланысты «Stop-трафик» акциясын өткізді. Оған қоса аталған акция барысында коронавирус індетінің таралуына тосқауыл қою мақсатында Сарыағаш ауданында орналасқан «Жібек жолы» шекара бекетінде шетелден келген азаматтарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, медициналық бетперделер таратылды.
Адамдар көп шоғырланатын орындарда маскалық режимдің сақталуының маңызы зор екені түсіндірілді. Одан бөлек тұрғындарды қорғаныс заттарын (бетперде, антисептик, қолғап) үнемі қолдануға шақырды.
Сондықтан әрбіріміз індет толығымен жойылғанша бетперде тағып, денсаулығымызға немқұрайлы қарамайық. Жақынымызға жанашыр болайық.