Қызылордалық полицейлер есірткі затын сақтаған күдіктіні ұстады
Қызылордалық полицейлер есірткі затын сақтаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
22 қыркүйек күні «Қарасора-2020» арнайы жедел іс-шарасы барысында Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері есірткі затын сақтаған күдіктіні құрықтады.
Полицейлермен жүргізілген тексеру барысында Жаңақорған ауданы тұрғынының үйінен 18 дана қорапқа салынған ерекше иісі бар шөп және шүберекке оралған тұқым ұнтақтары алынды. Сараптама қорытындысымен алынған ерекше иісі бар зат «кептірілген марихуана» екені анықталған.
Бүгінгі таңда күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабының 2-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.