80-нен астам сотталған әйел берешектерін қайтару үшін еңбек етуде
Атырау облысының мекемесінде Сотталған 80-нен астам әйел берешектерін қайтару үшін еңбек етуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты УГ-157/11 мекемесінде (әйелдер колониясы) жазасын өтеп жатқан әйелдерге қылмыстарымен келтірілген талап берешектерін өндіру бойынша Атырау облысы Әділет департаменті, мемлекеттік және жеке сот орындаушылары түсінік жұмыстарын жүргізді. УГ-157/11 мекемесі хабарлағандай, қазіргі таңда сотталған 80-нен астам әйелдің төлейтін берешектері бар.
– Сотталған азаматшалар сот орындаушыларынан берешектерін өтеу бойынша кеңес алып, өздерін қызықтырған барлық сұрақтарына жауап алды. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамадағы жаңа өзгерістер туралы айтылды, – дейді мекеме бастығының орынбасары Медет Аджикулов.
Айта кететін жайт, мекемеде ашылған жұмыс орындарында жұмыс істейтін 60-тан астам әйел берешектерін жалақылары арқылы өтеп жатыр.
– Берешегім аз емес. Сол себепті бостандыққа қарызсыз шығайын деп, осы мекемеде жұмыс істеп, ай сайынғы жалақымның бір бөлігін берешегіме, бір бөлігін балаларыма аударып отырмын. Осындай жағдай жасап отырған мекеме әкімшілігіне рахмет, – дейді алаяқтық қылмысы үшін сотталған азаматша А.
Бүгінгі күні елімізде орын алып отырған COVID-19 пандемиясына байланысты барлық қабылдаулар онлайн режимінде және барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, жүргізіліп келеді.
Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз-қызметі хабарлағандай, мекемеде 100-ден астам әйел жазаларын өтеп жатыр.