Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алкогольдік өнімді заңсыз сату фактісі анықталды

Петропавл қаласының орталығында учаскелік полиция инспекторлары алкогольдік өнімді заңсыз сату фактісін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Учаске” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Петропавл қ. ПБ учаскелік полиция инспекторлары алкогольдік өнімді заңсыз сату фактісін анықтады. 

Әкімшілік учаскеге бейнебақылау камералары арқылы мониторинг жүргізу барысында Петропавл қ. ПБ Екінші полиция бөлімінің № 6 учаскелік полиция пунктінің қызметкерлері бес литрлік бөтелкелердегі сұйықтықты сату фактісін байқап қалады. Сауда Астана көшесіндегі базарда орын алған. Аталған ақпарат жақын маңда учаскені тексеріп жүрген учаскелік полиция инспекторы Дәурен Қамзеновке жеткізілген.

Мән-жайды анықтау кезінде базар жұмысшыларының бірі аудан тұрғынына бес литрлік 16 бөтелкедегі араластырылған 80 литр спирттің бір бөтелкесін 2 500 теңгеге саудалағаны анықталды. Сатушы – бұрын істі болмаған 30 жастағы қала тұрғыны аталған алкогольдік өнімді бірер күн бұрын белгісіз адамнан сатып алған екен. Ақша табу мақсатында алкогольді сатып жібермек болады, алайда, полицейлердің назарына ілігеді.

Аталған факті бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 282-бабы (Қазақстан Республикасының этил спирті мен алкоголь өнімін өндіруді және оның айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасын бұзу) және 463-бабы (Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру) бойынша материалдар жиналды. Тәркіленген алкогольдік өнім санитарлық-гигиеналық сараптамаға жіберілді. Алдағы уақытта материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін мамандандырылған әкімшілік сотына жолданады.

СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев жыл басынан облыста ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабын бұзғаны үшін 130-дан астам хаттама толтырылғанын атап өтті. 7 қыркүйек күні ел аумағында “Учаске” жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғалы солтүстікқазақстандық полицейлермен 2114 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. “Учаске” операциясы 1 желтоқсанға дейін жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру