Алматы қаласының 49 полицейі медальдармен марапатталды
Төтенше жағдай мен карантин жағдайында ерекшеленген Алматы қаласының 49 полицейі медальдармен марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 14 қыркүйектегі #412 Жарлығымен қызметтік міндеттерін адал орындағаны үшін және пандемиямен күрестегі сіңірген еңбегі үшін Алматы қаласы полиция Департаментінің қызметтері мен бөлімшелерінің 49 қызметкері «ХАЛЫҚ АЛҒЫСЫ» медальдарымен марапатталды. Марапаттау рәсімі санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, шаһардағы полиция базасында өтті.
– Биылғы жылдың 19 наурызынан бастап қалада карантиндік режим енгізілді. Шаһардың сыртқы шекарасынан тыс жерлерде көлік құралдарының кіруі мен шығуын шектеу үшін оның периметрі бойынша 27 блок бекеттері құрылды, оған учаскелік инспекторлар, патрульдік полиция Полкінің, ЖҚАЖ және ПД орталық кеңсесінің қызметкерлері тартылды. Барлығы 679 қызметкер. Сонымен қатар, қаланың өзінде заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін жаяу патрульдер мен тосқауыл посттарының жұмысы күшейтілгенін еске түсірейін. Бұл қызметті 2500-ден астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан қызметкерлері атқарды. Сонымен қатар, полиция, инфекция ошақтарында қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етті, ал оның таралуының алғашқы кезеңінде жедел штаб науқастармен байланыста болған адамдарды анықтады. Жеке құрамның алдында тұрған міндеттер өте маңызды болғанын атап өтемін және олар оны шеше білді. Медицина қызметкерлерімен бірге полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарды, бұл бірінші кезекте КВИ инфекциясының қаупін азайтуға және қаладағы қылмыстық ахуалды тұрақтандыруға бағытталған, – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.