Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбылдық жас тұрғын Полиция департаментіне қонаққа келді

Жамбыл облысының бас полицейі 10 жастағы жергілікті тұрғынмен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің Instagram парақшасына Виктория Викторовна Михайлова деген әжей өзінің 10 жастағы немересі Константиннің Полиция департаментіне экскурсияға барғысы, тіпті генералмен кездескісі келетіні туралы жазба қалдырған.

Әжесі немересі Константиннің – үлгілі оқушы, «Ақбота», «Пони», «Русский медвежонок», «Кенгуру» секілді зияткерлік конкурстардың жүлдегері екенін, сондай-ақ немересінің ұдайы патрульдік полиция көліктерін ерекше қызығушылықпен бақылап отыратынын жазған.

Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Жанат  Сүлейменов әжейдің өтінішіне қуана келісті және Константин әжесімен бірге Полиция департаментіне келді.

Костя Жанат Қуанышұлына оқудағы жетістіктері, шахматқа әуестігі және таңдаған мамандығы туралы айтып берді.

Баланың полицейлердің жұмысына қатты қызығушылық танытуына байланысты  полиция генерал-майоры оған Полиция департаментінің мұражайында  болып, ішкі істер органдарының қалыптасу тарихымен танысуды ұсынды.

Танысу рәсімі Тараз қаласының Жедел басқару орталығында жалғасын тапты. Үлкен бір экраннан бүкіл қаланы көрген Костя өзінің таңданысын жасыра алмады.

Кездесу соңында Жанат Қуанышұлы Константинге мықты денсаулық, оқуда табыс және өз отбасын әрдайым жеңістерімен қуантуды тоқтатпауын айтып, сәттілік тіледі.

Облыстың бас полицейі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің эмблемасы бар қол сағатын сыйға тартқан кезде Константиннің қуанышында шек болмады.

Қоштасар сәтте Виктория әжей полиция генерал-майорына осындай жылы қабылдауы үшін алғысын білдірді, сондай-ақ бұл кездесу немересінің жадында ұзақ жылдар бойы қалатынына сенімді екенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру