Қарағандылық полицейлер тағы бір мас жүргізушіні ұстады
Сәтбаев қаласының полицейлері бір жыл бұрын көлік басқару құқығынан айырылған көлік жүргізушісінің мас күйінде көлік басқарып жүргенін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 қазан күні Қарағанды облысы Сәтбаев қалалық полиция бөлімінің патрульдік полиция қызметкерлері таңғы сағат 5.00 шамасында қаланың орталық көшесінде жол жүру ережесін бұзып келе жатқан көлікті байқаған.
Полиция қызметкерлері көлікті тоқтатып, тексеру барысында көлікті 33 жастағы азаматтың масаң күйде басқарып келе жатқаны және оның бір жыл бұрын көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабына (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.