Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау облысында жыл басынан бері 800-ден астам алаяқтық фактісі тіркелген

Атырау облысында жыл басынан бері 800-ден астам алаяқтық фактісі тіркелді, оның 431 интернет алаяқтық болып табылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбеткалиевтың айтуынша, жаңа технологиялардың дамуы мен ғаламтор кеңістігінің жетілуіне байланысты соңғы кездері интернет алаяқтықтардың  саны қарқынды артуда.

Instagram, Facebook, Telegram, ВКонтакте платформалары мен OLX.kz және Kolesa.kz  сияқты танымал сайттарды виртуалды алаяқтар сәтті қолданады.

Атап айтқанда тауарларды тиімді бағамен жарнамалайды, жоғары ақы төленетін жұмысқа орналастыруға уәде береді, онлайн режимінде несие беруді ұсынады, ұтыс ойынына қатысуға шақырады, кірістерді екі есе көбейтуге уәде береді және т.б.көптеген “пайдалы” ұсыныстармен қызықтырады.

Полицияға алаяқтарға алданған азаматтар күн сайын арызданады, алданғандардың басым көпшілігі облыс орталығы мен Жылыой, Мақат аудандарының тұрғындары болып табылады. Ал алаяқтардың өздері Қазақстанда ғана емес, шетелде де болуы мүмкін.

Қазіргі таңда Атырау облысының ПД қызметкерлері Орал, Павлодар, Өскемен, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы алты күдіктінің жеке басын анықтады, олар жасаған 56  қылмыс эпизоды ашылды.

Атырау қаласының тұрғыны 2018 жылы ғаламтор арқылы дәрі-дәрмекке тапсырыс берген. Кейінірек бұл тапсырыс қылмыскерлердің көзіне түскен, өйткені осы жылдың қыркүйегінде оған ресейлік нөмірден Мәскеу қаласынан белгісіз азаматша телефон шалып, жәбірленушіге екі жыл бұрын тапсырыспен сатып алынған дәрі-дәрмектердің жалған  екені, енді сот шешімімен барлық зардап шеккен сатып алушыларға келтірілген залалдың өтелетіні, алайда оны алу үшін комиссия сомасын төлеу қажеттілігі туралы сендіреді.

Ештеңеден күдіктенбеген атыраулық азаматша “Золотая корона” аударымдары арқылы алаяқтарға 5 жарым миллион теңге көлеміндегі ақша аударымдарын жасаған.

Алаяқтардың тағы бір үйреншікті амалы – өзін банк қызметкерлері ретінде таныстыру болып табылады. Жақында банктің сақтандыру бөлімінің осындай бір “қызметкері” Атырау қаласының тұрғынына телефон арқылы  біреудің оның карточкасынан үш рет ақша алғанын хабарлап, жинақтарын қорғау үшін  қалған ақшаны басқа шотқа аударуды ұсынады. Банктің жалған қызметкерінің қылмыстық әрекеттерінің салдарынан азаматша 700 мың теңгеге жуық қаржысынан айырылған.

Алаяқтар көп таралған салалардың бірі пәтер жалдау болып табылады.  Осындай бір оқиға Атырауда осыдан бір апта бұрын орын алған.

Азаматша Вокзал маңы ықшам ауданында орналасқан екі бөлмелі пәтерді  70 000 теңгеге жалға беру туралы OLX.kz.сайтындағы хабарландыруда көрсетілген нөмірге хабарласады, пәтердің иесі 53 мың теңге көлемінде алдын-ала төлем сұрайды, ақша аударылғаннан кейін, алаяқ телефонды өшіріп тастаған.

Атыраулық полицейлер азаматтарға алаяқтардың құрбанына айналмау үшін сақтық шараларын қабылдау қажеттілігі туралы ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру