Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау полицейлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жолдарды кеңейтуді ұсынды

Атырау облысының бас полицейі 4 жолақты жол салуды ұсынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін Атырау облысының Әкімдігінде өңір басшысы М.Ж. Досмұхамбетовтың төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Отырыста қаралған мәселелердің бірі – автомобиль жолдары мен жол құрылыстарын кешенді күзгі тексеру қорытындылары туралы облыстық Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев баяндады.

“Атырау облысының аумағы арқылы өтетін жолдардың жалпы ұзындығы 6161 шақырымды құрайды, оның 1120 шақырымы республикалық маңызы бар, 878 шақырымы облыстық және 1177 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар болып табылады. Республикалық маңызы бар жолдардың 1120 шақырымы тексерілді, бұл жолдардың 605 шақырымы (немесе 54%) нашар күйде,  314 шақырымының  (немесе 28%) жағдайы қанағаттанарлық жағдайда. Мысалы, 2006 жылы пайдалануға берілген “Атырау – Орал” бағытындағы жолдың түрлі учаскелеріне 2014 жылдан бастап  жөндеу жұмыстары жүргізілуде.  Алайда, жұмыстың сапасы төмен, уақытша жасалған жұмыстар. Сондай-ақ, бұл автожолда көлікті қарау эстакадасы, көлік жүргізушілеріне демалуға арналған орындар (кемпингтер) жоқ. Нәтижесінде түнгі уақытта демалатын жүргізушілер көліктерін жол жиегінде қалдыруға мәжбүр, бұл жол-көлік оқиғаларының орын алуына әкеледі. Бұдан басқа республикалық маңызға ие  “Махамбет-Х.Ерғалиев” автожолының 45 шақырымы өте нашар жағдайда және Құлсары мен Мұқыр арасындағы жолға (136 шақырым), сондай – ақ, негізгі учаскелерді салу, жөндеу кезеңінде пайдаланылатын уақытша (айналма) жолдарға тиісті күтімнің болмауына  назар аударғым келеді. Астрахань тас жолының бойында салынып жатқан жол, “Сағыз – Жамансор”, сондай-ақ “16 – разъезд – Исатай станциясы” учаскелерінде орналасқан айналма жолдардың сапасы нашар”, – деп атап өтті Қамза Үмбетқалиев.

Жыл басынан бері республикалық маңызы бар автожолдарда 21 ЖКО орын алған, жол-көлік оқиғаларының нәтижесінде 19 адам қаза тауып, 29 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды.

Бұл ретте жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі – жол төсемі енінің тарлығы. Адам өлімімен аяқталған әрбір үшінші ЖКО қарсы қозғалыс жолағына шығу салдарынан болады.

Сонымен қатар, республикалық маңызы бар жолдар III-IV санатқа жатады, яғни ені 6-7 метр.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қамза Үмбетқалиев  Атырау-Орал, Атырау-Аққыстау, Атырау-Доссор, Доссор-Құлсары-Бейнеу автожолдарын 15 метрге дейін кеңейту туралы ұсыныс енгізді.

Бұдан басқа Қамза Үмбетқалиев көрсетілген жолдарды кейіннен I санатқа ауыстыра отырып, 4 жолақты қозғалысты ортасында  бетон бөлгіш жолағымен жабдықтауды, Махамбет кенті мен Х.Ерғалиев ауылы арасындағы, сондай-ақ Құлсары қаласы мен Мұқыр кенті арасындағы жолдарды қайта жаңартуды, жол төсемінің енін кемінде 8 метр етіп, II санатқа ауыстыруды ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру