Түркістан облысында тыйым салынған әдебиеттерді таратқандар жауапқа тартылды
Түркістан облысында тыйым салынған әдебиеттерді таратқаны үшін 15 адам жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың басынан бері Түркістан облысы ПД-нің қызметкерлерімен діни мазмұндағы тыйым салынған материалдарды заңсыз таратқаны үшін 15 жергілікті тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот құқық бұзушыларға қатысты миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салды.
Мысалы, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында «ВКонтакте» қолданушыларының бірінің парақшасында Түркістан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері діни сипаттағы тыйым салынған материалды тапты. Нәтижесінде, сот шешімімен Сайрам ауданының тұрғыны діни мазмұндағы тыйым салынған материалдарды таратқаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабының 3-бөлігі (Қазақстан Республикасының Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу) бойынша кінәлі деп танылып, 194 460 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Әрі қарай, ғаламторды бақылау кезінде тыйым салынған деструктивті діни ағымның идеологиясын таратқан «ВКонтакте» әлеуметтік желісін пайдаланушының парақшасы полиция қызметкерлерінің назарын аударды. Онда аудиожазбалар мен дәрістерде елдің тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге және алауыздықты қоздыруға насихат пен үгіт-насихаттар жүргізілген. Сот қаулысымен Түркістан қаласының тұрғыны ҚР ӘҚБтК-нің 453-бабы 2-бөлігі (Қазақстан Республикасының аумағында бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін, сол сияқты өзге де өнімді дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату) бойынша кінәлі деп танылып, 55 560 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Егер сізде осындай қылмыстар туралы қандайда бір ақпарат болса, дереу полицияға хабарласыңыз.