Сайрамдық полицейлер өз туысының үйіне ұрлыққа түскен күдіктіні ұстады
Түркістанда туысының үйінен құрал-жабдық ұрлап, сатып жібермек болған ұры ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын түнде белгісіз біреулердің үйіне кіріп, жертөлесінде тұрған құрал-жабдықтарды ұрлап кеткені туралы шағымданған.
Келтірілген шығын көлемі 112 000 теңгені құрады.
Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабымен (Ұрлық) қылмыстық іс қозғалды.
Өткізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен жергілікті тұрғындардың бірі ұсталды, одан ұрланған дәнекерлеу құрылғысы, ағаш кесетін аппарат пен бұрғылау құралдары алынды.
Тергеу барысында күдіктінің жәбірленушінің ағайыны екені және үйде адам жоқтығын алдын ала біліп отырғаны белгілі болды. Ол ұрлаған заттарын сатып жібермек болған.
Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.