Жаяу жүргіншілердің немқұрайлығынан 64 жол-көлік оқиғасы болған
Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында жаяу жүргіншілердің кінәсінен 64 жол-көлік оқиғасы орын алған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол-көлік оқиғаларына жүргізген талдауға сәйкес ағымдағы жылғы тоғыз айдың ішінде елордада 285 ЖКО тіркеліп, нәтижесінде тоғыз адам қайтыс болған және 56-сы түрлі дәрежеде дене жарақаттарын алған. Жаяу жүргіншілердің кінәсінен 64 ЖКО орын алған.
Әкімшілік полицияның айтуынша, ЖКО жиі орын алатын себебі жаяу жүргіншілердің тәртіпсіздігі болып табылады. Көбінесе олар жолды белгіленбеген орындардан және бағдаршамның тыйым салынған белгісінен кесіп өтеді. Сонымен қатар, реттелмейтін жаяу жүргіншілер жолағынан құлаққапта өту фактілері кездеседі. Құлаққапта жаяу жүргінші жолдағы ахуалды байқамайды және жолдан өткен кезде абай болу керектігін ескермейді.
Мысал ретінде, ағымдағы жылғы 6 қазанда сағат 16.25-те «Hyundai H1» автомашинасының жүргізушісі Пушкин көшесінде келе жатып, Жетіген көшесінің қиылысында 48 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Ер адам белгіленбеген орыннан көлік құралының қозғалысы бойынша оң жақтан сол жаққа қарай жолдан өткен.
Жол қозғалысы қағидасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК 615-бабы бойынша әкімшілік өндіріс қозғалған. Кінәсін мойындаған жаяу жүргіншіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарынан көшеде жолдан өткен кезде жол қозғалысы қағидасын және барлық қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды.