Алматыда пәтер ұрлықтарымен айналысқан екі азамат ұсталды
Алматыда пәтер ұрлықтарымен айналысқан азаматтардың қылмыстық әрекеттерінің салдарынан жәбірленушілерге жалпы сомасы 9 миллион теңгеге мүліктік шығын келтірілген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы Бостандық ауданының ПБ қызметкерлері пәтер ұрлықтарымен айналысқан қылмыстық топты ұстады.
– Күдіктілердің бірі – Жамбыл облысында 1987 жылы туған азамат Алматы қаласының Әуезов және Бостандық аудандарында пәтер ұрлығымен айналысқан. Тек біздің ауданда олар 7 пәтерге ұрлыққа түскен. Олар ұрлыққа түскен пәтерлеріне кілттерді іріктеу, домофонға қоңырау шалу арқылы кірген. Күдіктілер негізінен алтын бұйымдар, қолма-қол ақша, ноутбуктерді алған, себебі мұндай заттарды сату кезінде олардың иелерін анықтау мүмкіндігі төмен. Жоғарыда аталған ұрлықтардың салдарынан жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынның көлемі тоғыз миллион теңгені құрады, – деді Бостандық ауданы Полиция басқармасының бөлім бастығы Ғалым Қасымбаев.
Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігіне (Ұрлық) сәйкес жүргізілуде.