Алматы полицейлері кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылдауда
Алматы қаласында прокуратура, полиция және қоғам өкілдерінің қатысуымен кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған онлайн кеңес өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Онлайн форматындағы кеңеске қатысушылар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және жасөспірімдер арасындағы ахуалды тұрақтандыру мақсатында қабылданған шараларды талқылады.
– 2020 жылдың 10 айының қорытындылары бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде Алматы қаласында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың 35,3% -ға төмендеуі байқалды. Талдау көрсеткендей, олардың 47,3% -ы басқа өңірлерден келген жасөспірімдер. Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың басым көпшілігі мүліктік сипаттағы қылмыстар. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар саны 48,0% -ға азайды. Бұдан басқа кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстардың 20,0% -ға төмендеуі байқалады. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғам өкілдерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен жыл басынан бері «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Жақсылық бәріне қолжетімді», «Отбасы-Жасөспірім-Көше» сияқты 8 жалпықалалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді. Нәтижесінде 294 жасөспірім және 352 қолайсыз отбасы анықталып, ішкі істер органдарына есепке қойылды. Қараусыз қалған 400 бала Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды, – деді Алматы қаласы ПД ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Жанна Шонжанова.
Кәмелетке толмағандардың түнгі сағат 22:00-ден кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерлерде, ойын-сауық мекемелерінде жүргені үшін 4 645 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын-алудың негізгі тетіктерінің бірі – қала және аудандық әкімдіктер жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссиялармен өзара іс-қимыл жасасу болып табылады. Мәселен, 2020 жылдың 10 айында комиссия отырыстарында кәмелетке толмағандардың мүдделерін қорғау бойынша түрлі фактілерге қатысты 234 материал қаралды. Нәтижесінде 28 ата-анаға қатысты ата-аналық құқығынан айыру түріндегі түпкілікті шара қолданылды, 186 ата-ана балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 8 жасөспірім девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдарына жіберілді, – деді Ж.Шонжанова.