«Қарасора-2020» арнайы жедел алдын алу іс-шарасы аяқталды
Ақтөбеде «Қарасора-2020» арнайы жедел алдын алу іс-шарасы қорытындыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылғы 1 маусым мен 30 қазан аралығындағы кезеңде республика аумағында есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы фактілерін анықтауға және кесіп өтуге, жабайы сораны заңсыз жеткізу арналарын жабуға бағытталған «Қарасора-2020″ жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді.
Жедел алдын алу іс-шараларының негізгі міндеті – каннабис тобының есірткілерін өсірумен, дайындаумен, сатумен, сақтаумен, контрабандамен, экспорттаумен айналысатын адамдарды анықтау және ұстау.
Жедел алдын алу іс-шараларын жүргізу кезеңінде барлығы 190 есірткі құқық бұзушылығы, оның ішінде 44 қылмыс және 146 есірткі құралдарымен заңсыз жұмыс істеу саласындағы қылмыстық теріс қылық анықталды.
«Қарасора-2020″ операциясы нәтижесінде тәркіленген және заңсыз айналымға жіберілмеген есірткінің салмағы 491 кг.518 гр.құрады.
Мәселен, ағымдағы жылдың 4 тамызында полиция қызметкерлері «Қарасора-2020» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде Самара-Шымкент тас жолында 25 жастағы азаматтың автокөлігін тоқтатты. Көлік құралын санкцияланбаған тінту кезінде, көліктің салонынан жалпы салмағы 4 келі 878 грамм «марихуана» есірткі құралы табылды.
Жедел ақпарат бойынша жоғарыда аталған адам есірткіні ҚР оңтүстік өңірлерінен Байғанин ауданының аумағында одан әрі тарату үшін тасымалдаған. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды.
«Қарасора-2020» операциясы нәтижесінде ПД қызметкерлері ҚР ҚК 300-бабы 1-бөлігі (Құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру) бойынша құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің 12 фактісін анықтады, оның барысында қанабиоид тобының 308 түбі тәркіленді.
Жедел алдын алу іс-шарасы кезінде есірткі заттарымен заңсыз жұмыс істеу саласында 146 қылмыстық теріс қылық тіркелді.