Қызылордалық полицейлер жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша шаралар қабылдауда
Қызылордалық полицейлер жол қозғалысы ережелерінің талаптарын сақтауға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы облыс тұрғындарына жолдағы сақтық шаралары туралы хабарлама жасады.
Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты соңғы екі күнде облыс жолдарында 43 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның төртеуінің салдарынан үш адам көз жұмса, он адам түрлі дене жарақаттарын алған, 39 жол-көлік оқиғасында азаматтарға материалдық шығын келтірілген.
Автомобиль жолдарының тайғақ учаскелері “ҚазАвтоЖол” мекемесінің қызметкерлерімен бірге тез арада тексеріліп, көлік құралдары қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда.
Республикалық маңызы бар жолдардың қауіпті аймақтарына патрульдік полиция бекеттері қойылды.
Жолдарға арнайы заттар себетін тоғыз мамандандырылған автокөлік жұмылдырылып, олар жұмыстарын жалғастыруда.
Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жүргізушілерге көлік дөңгелектерін қысқы шиналарға шұғыл ауыстыру қажеттілігі, ауыстырылмаған жағдайда мұндай құқық бұзушылық үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 5-бөлігімен әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны туралы ескертілді.