Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сыр өңірінің полицейлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша шаралар қабылдауда

Қызылорда облысының полицейлері ересектерге кәмелетке толмағандарды қадағалау бойынша тиісті міндеттерін орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгені туралы ескертеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазіргі таңда  кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстар, қадағалаусыздық пен панасыздық, балаларға қатысты қатыгездік көрсету, зорлық-зомбылықтың алдын алу мен болдырмау мәселелері полицейлердің басты назарында.

Қызылорда қаласы Полиция басқармасының ювеналды полиция қызметкерлері қала аумағында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу, қадағалаусыз және қараусыз жүрген, сондай-ақ құқық бұзушылықтар жасауға бейім кәмелетке толмағандарды анықтау мақсатында алдын алу іс-шараларын өткізуде.

Мобильді топтар базарлар, ойын-сауық орындары, вокзалдар, қоғамдық орындар мен қала көшелерін тексеруде.

Іс-шара барысында “Самара” стационарлық полиция бекетіне 63 жасөспірім,  оның ішінде 3 кәмелетке толмаған ұрлық жасағаны, қалған 60 кәмелетке толмаған әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жеткізілді.

Ювеналды полиция қызметкерлері екі ата-ананы “Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту және (немесе) қарау бойынша өздерінің міндеттерін орындамайтын, сондай-ақ олардың мінез-құлқына теріс әсер ететін кәмелетке толмағандардың ата-анасы, заңды өкілдері” санаты бойынша профилактикалық есепке қойды.

Бұдан басқа үш жасөспірім қадағалаусыз және қараусыз жүргені үшін облыстық Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.

Жыл басынан бері ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне 18 ата-ана қойылған.

Қызылорда қаласы Полиция басқармасының басшылығы ересектерге  кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін  Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 140-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру