Көршісін алдаған алаяқ ұсталды
Қызылорда облысында банк қосымшасы арқылы көршісінің карточкасындағы ақшасын өз шотына аударып алған алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылордада 27 жастағы ер адам көршісінің сенімін пайдаланып, депозиттік шоттан 304 000 теңгені өзінің банктік шотына аударған.
Көршісі одан өзінің депозиттік шотын «Homebank» қосымшасы арқылы тексеріп беруді сұраған, ал ол болса ақшаны өз шотына аударып алған.
Бір айдан кейін жәбірленуші шотта ақшаның жоқтығын байқап, Қызылорда қаласының Полиция басқармасына арызданған.
Полиция қызметкерлері күдіктіні ұстап, ол өз кінәсін толық мойындады.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.