Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкенттік полицейлер еріктілер қатарына қосылды

Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері “Ізгілікте жарысайық” қайырымдылық қоғамдық қорының еріктілер сапына қосылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қоғамдық қауіпсіздікті күзетіп, құқық бұзушылықпен күресіп жүрген тәртіп сақшылары енді ресми түрде ерікті атанды.

Олар Шымкент қаласы Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің 12 рота қызмет инспекторы Алдаберген Мылтықбай және Шымкент қаласы Полиция департаменті Еңбекші ауданы Полиция басқармасының ювеналды полиция инспекторы Гүлжан Нұржанова. Жақында әлеуметтік желіге тараған видео жазба арқылы халықтың ықыласына ие болған тәртіп сақшысы Алдаберген Мылтықбай жастарға оқиғаның мән-жайын айтып берді.

– Менің орнымда болған кез-келген полиция қызметкері осындай іс-әрекет істейді деп ойлаймын. Осы мамандықты таңдап келгендіктен, өзімді ерлік жасадым деп есептемеймін, – дейді Алдаберген Мылтықбай. 


Естеріңізге сала кетсек Ағымдағы жылдың 12 қараша күні сағат 10:04 шамасында Шымкент қаласы Арғынбеков және С.Бәйтереков көшелерінің қиылысында бағдаршам істен шығып, салдарынан көлік кептелісі туындаған болатын. Осы сәтте үйіне қайтып бара жатқан Патрульдік полиция полкінің қызметкері Алдаберген Мылтықбай еш ойланбастан, көлігінен түсіп, жол қозғалысын реттеуге кіріседі. Мамандығы алдында адалдық танытқан аталмыш қызметкердің жол қозғалысын реттеуінен кейін көлік ағыны жиі көше қиылыстарындағы жағдай бір қалыпқа түскен. Ол ауа райының қолайсыз, жауын-шашынды болуына қарамастан, аталмыш мекенжайға кезекшіліктегі әріптесі келгенше қызмет көрсеткен болатын.
Сондай-ақ ерікті мәртебесіне ие болған қызметкердің бірі – Гүлжан Нұржанова. Ол  Шымкент қаласы Полиция департаменті Еңбекші ауданы Полиция басқармасының ювеналды полиция инспекторы лауазымын атқарады. Гүлжан Асқарқызы “Полиция аруы – 2019” фотобайқауының жеңімпазы. Қатаң тәртіп, сұлу сымбат пен кәсібилікті үйлестіре білген сала қызметкері – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында аянбай жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда екі тәртіп сақшысы да өздерінің мінсіз қызметтерімен көзге түскен. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқық тәртібін қорғауға зор үлес қосып келе жатқан полицейлер. Енді олар еріктілер ретінде қайырымдылық шараларға қатыспақ.

Айта кетейік, «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоры осыдан үш жыл бұрын өз жұмысын бастаған. Қоғамдағы әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға қолдау көрсететін мекеме бес бағыт бойынша әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру