Учаскелік полиция инспекторлары халыққа бір қадам жақындай түсті
Маңғыстау облысының учаскелік полиция инспекторлары мен тұрғындары байланыстың жаңа түрін қолдануда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “қолжетімді полиция” қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметін реформалауда басты рөл учаскелік полиция инспекторларына берілген.
Учаскелік инспектор жергілікті тұрғындардың мәселелерін шешу, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында жұмыс атқарады және белгілі бір аумақтағы қылмыстың алдын алудағы басты тұлға болып есептеледі.
Әлеуметтік желі өміріміздің бір бөлшегіне айналған қазіргі заманда учаскелік полиция инспекторлары да одан қалыс қалмауда. Қазіргі кезде олар «WhatsApp» мессенджеріндегі тұрғындардың чаттарына қосылып, «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақшалармен де белсенді жұмыс жасауда. Бұл – халықпен өзара іс-қимыл жасасудың жаңа тетігі. Полиция қызметкерлерінің халыққа тағы бір қадам жақындай түскендігінің белгісі болып табылады.
Осы чаттар арқылы учаскелік инспекторлар әкімшілік учаскедегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті тікелей бақылап, құқық бұзушылықтар туралы жедел ақпараттар мен фото, бейне жазбаларды алу мүмкіндігіне ие болады және кез келген тұрғын өзінің арыз-шағымын тікелей чатқа салып, учаскелік полиция инспекторлары осы бағыттар бойынша дереу шаралар қабылдайды.
– Қазіргі кезде мұндай ілгерілеу өзекті әрі пайдалы. Әрине, учаскелік полиция инспекторлары бұрынғыша қызмет барысында үйлер мен аулаларды аралап, тұрғындармен көзбе-көз сөйлеседі. Одан бөлек ауқымды жұмыстарды атқару үшін полицейлерге «WhatsApp» мессенджеріндегі чаттар да артықшылық етпейді, керісінше олардың көмегі зор болмақ- деді Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы Ж.Бактыбаев.