Үйлену тойын ұйымдастырғандар анықталды
Шымкентте мобильді топ үйлену тойын ұйымдастырғандарды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласының Полиция департаменті Еңбекші ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері рейдтік іс-шараларды жалғастыруда. Аудан аумағында жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралардың барысында Желтоқсан көшесі бойында орналасқан «Исматулла» тойханасында үйлену тойының өтіп жатқаны анықталды. Мобильді топ өкілдері нысанға тосынан кірген сәтте жиында 100-ден аса адам болған. Полицейлер аталған жайтқа қатысты карантин талаптарын бұзған той ұйымдастырушысы мен нысан иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша хаттама толтырылды. Жинақталған іс-құжаттар Еңбекші аудандық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.