Ұрланған сырға иесіне қайтарылды
Рудный полицейлері 2020 жылдың қараша айында ұрланған алтын сырғаны иесіне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция басқармасына қала тұрғыны Валентина Гальцова хабарласып, құны 70 000 теңге болатын алтын сырғасы мен 12 000 теңге ақшасын ұрлап кеткен азаматқа қатысты шара қолдану туралы өтініш білдірген.
Бұл факт бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында полиция қызметкерлері жалдамалы пәтерден 32 жастағы күдіктіні ұстады. Ол ұрланған алтынды ломбардқа тапсырып, қылмыстық жолмен табылған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсап үлгерген.
Ломбардтан арызданушының сырғасы тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Қылмыстық іс шеңберінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.