ІІМ: Жүргізуші куәлігін алу үшін наркология мен психдиспансерден анықтама қажет емес
Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, психо – және наркодиспансерлік есепте тұрғаны бойынша тексерулерді жүзеге асыру мәселесін пысықтауда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ІІМ осы мекемелердің базаларынан деректерді жалпы базаға біріктіруді ұсынады. Осылайша, ХҚКО мамандары жүргізуші куәліктерін ақпараттық ресурстар арқылы берген кезде өтініш берушінің есепте тұрғанын немесе жоқ екенін кез келген уақытта тексере алады.
Айта кету керек, бүгінде бірде-бір мамандандырылған ХҚКО-да полиция қызметкерлері жоқ. Олар мемлекеттік қызметтерді көрсетуге қашықтықтан, ақпараттық жүйелер арқылы қатысады. Бұл полицияның қызмет алушылармен және ХҚКО қызметкерлерімен байланыс жасауын болдырмауға мүмкіндік берді.
Қызмет көрсету азаматтар үшін барынша ашық және ыңғайлы келесі схема бойынша жүзеге асырылады:
– өтініш беруші қарапайым халыққа қызмет көрсету орталығына немесе мамандандырылған ХҚКО-ға жүгінеді;
– ХҚКО қызметкері автокөлікті тіркеуге және қайта тіркеуге құжаттарды қабылдауды, жүргізуші куәлігін беруді, практикалық және теориялық емтихандарды қабылдауды және басқада қызмет түрлерін жүзеге асырады;
– полиция офицерлері электрондық өтінімдерді қашықтықтан қарайды, бұл ретте жүйе өтінімдерді қызметкерлер арасына еркін, рандомдық тәртіппен бөледі.
ІІМ жүйелі цифрландыруды жүйелі жүргізуде және ведомство көрсететін мемлекеттік қызметтердің 90%-ға жуығы цифрлық форматқа көшірілді.