100 келі түйе еті мен велосипед ұрлаған ауыл тұрғыны ұсталды
Қызылорда облысының Арал ауданында 100 келі түйе еті мен велосипед ұрлаған ауыл тұрғынының қылмыстық әрекеттері әшкереленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 желтоқсан күні кешке Қызылорда облысы Полиция департаментінің Арал аудандық полиция бөліміне белгісіз біреудің үйінің кіреберіс бөлмесінің ағаш терезесінің әйнегін шешіп кіріп, асхана бөлмесінде жайылып тұрған 100 келі түйе етін және ауласындағы сарайының ішінен велосипедін ұрлап кеткені туралы жергілікті тұрғын шағымданған.
Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері өткізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде осы қылмысты жасауға күдікті ретінде аудан тұрғыны ұсталды.
Айғақ заттар алынды.
Ұрлық дерегі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігімен (Тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.