Қоғамға бейімдеудің алғышарты – жұмыспен қамту
Жамбыл облысының ҚАЖД бөлімдерінде кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін облыс бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Бекболат Ескеев, аталған департаментке бағынысты пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің бастығы Әділет Ерманов өңірдегі 13 пробация қызметінің бөлімдерін (Тараз қаласында – үш, аудандарда – 10) аралап кездесу өткізді. Аудан әкімдері, прокуратура және жергілікті полиция қызметкерлері қатысуымен өткен басқосудың басты мақсаты – пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу, олардың сіңісіп кетуіне ықпал ету.
Кездесу барысында пробация қызметінің есебінде тұрғандарды және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарды жұмыспен қамту, олардың құқық бұзушылықтармен қайта қылмыс жасауларының алдын алу, оларға медициналық қызмет көрсетудің түрлері сондай-ақ есепте тұрған азаматтарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Басқосуда өңірлік ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Бекболат Бөгембайұлы көп жағдайда қылмыс атаулы жұмыссыздықтың кесірінен орын алатынына тоқталып, пробация қызметінің есебінде тұрғандарды еңбекке орналастыру жөнінде ықпалды шаралар жасау қажеттігін баса айтты.
Қазіргі таңда бас бостандығынан айыру орнынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін бос жұмыс орындарына белгіленген квотаның орындалу барысы қатаң қадағалауда. Өйткені, сотталғандар ақылы әлеуметтік жұмыспен қамтылып, қысқа мерзімді кәсіби оқуға жіберілсе олардың қоғамға қайта бейімделуі жылдам әрі оңайырақ болады.
– «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіліп, жұмыс іздеуші ретінде тіркелген есепте тұрған азаматтардың екі қолына бір күрек табылса қылмыс саны да азаяды. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ! Сол себепті, сотталғандарды қоғамға бейімдеу күн тәртібінен түспегені жөн, – деді Б.Ескеев.
Кездесу соңында қарастылырылған сұрақтар бойынша ҚАЖ департаментімен және жергілікті әкімдіктер арасында есепте тұрған азаматтарды жұмыспен қамтудың келер жылға арналған бірлескен жоспарын жасау ұсынылды.