Әйелдер колониясына қоғамдық бақылау комиссиясы өкілдері келді
Алматы облысындағы әйелдер колониясына қоғамдық бақылау комиссиясының өкілдері келді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
“Дүниежүзілік адам құқықтары күніне” орайластырылған, бірлескен жоспарлы іс-шаралар шеңберінде Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша қоғамдық бақылау комиссиясының төрайымы Ардақ Жанәбілова мен Алматы облысы заң консультанттары палатасының заңгерлері Алматы облысы бойынша ҚАЖД ЛА-155/4 әйелдер колониясына келді.
Тәжірибелі заңгерлер сотталған әйелдермен кездесу өткізіп, сотталғандардың қылмыстық істеріне қатысы жоқ азаматтық-құқықтық мәселелер бойынша кеңестер берді.
Сотталғандардың тарапынан заңгерлерге жер дауларынан бастап, қамқоршылық пен қамқоршылықты ресімдеу, несиені тоқтата тұру сияқты сұрақтар көп қойылды. Сондай-ақ жазаны өтеу кезінде неке қию және ажырасу, салық бойынша берешекті төлеу, мүлікті қайта ресімдеу және т.б. мәселелер қозғалды.
Кездесуге бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысты.
Алматы облысы бойынша ҚАЖД мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталған азаматтар қоғамнан оқшауланса да, ҚР кез келген басқа азаматы сияқты өздерінің азаматтық құқықтарын қорғау үшін өз құқықтарын пайдалана алады.