Алматыда стационарлық полиция бекеттеріне 7 мыңнан астам адам жүгінген
Алматы қаласында жыл басынан бері стационарлық полиция бекеттеріне жеті мыңнан астам азамат жүгінген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов арнайы брифингте хабарлады.
– Криминогендік жағдайды егжей-тегжейлі талдау негізінде қала әкімінің тапсырмасы бойынша 41 стационарлық модульдік полиция бекеті орнатылды, оның төртеуі туристік полицияға арналған және 37-і ең криминогенді аудандарға орналастырылған. Модульдік бекеттерде күндіз учаскелік инспекторлар, түнде патрульдік полиция полкінің екі инспекторы қызмет атқарады. Орнатылған модульдік полиция бекеттері қаладағы қылмыс жағдайының оңалуына әсер етті. Стационарлық бекеттер қойылып, жаяу патрульдер саны көбейтілген жерлерде құқық бұзушылықтардың азаюы байқалады, алғыс білдірген жергілікті тұрғындардың көптеген оң пікірлері бар, бұл олардың жұмысының тиімділігін көрсетеді. Бұл аудандарда қылмыс орта есеппен 60%-ға төмендеді, – деді Қанат Таймерденов.
Стационарлық полиция бекеттері орнатылған сәттен бастап жеті мыңнан астам азамат өтініш білдірді, олардың өтініштері бойынша 43 қылмыстық іс, 2 мың 200 әкімшілік іс қозғалды, 816 өтініш бойынша шаралар қабылданды, 949 азаматқа заңгерлік көмек және кеңестер берілді.
– Қазіргі уақытта тағы жеті модульдік бекет орнату мәселесі қарастырылуда. Қоғамдық тәртіпті күзету үшін орташа есеппен күніне үш ауысым бойынша 1 мың 650 полиция қызметкері (1 мың 110 жаяу патруль, 540 автокөлік патрулі) жұмылдырылады, олар 550 криминогенді бағытта қызмет атқарады. Жалпы, осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қалада қылмыс деңгейі 47%-ға төмендеді, – деп түйіндеді шаһардың бас полицейі.