Монша кешенінен ақша салынған қобдиша ұрланды
Нұр-Сұлтан қаласында монша кешенінен ақша салынған қобдиша ұрлаған азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Монша кешеніндегі ұрлық дерегі туралы полицияға монша қызметкерлерінің бірі хабарлаған. Ол таңертең терезенің ашық тұрғанын және 150 мың теңге көлемінде ақшаның жоғалғанын байқаған.
Полиция қызметкерлері ұрының моншаға терезе арқылы кіргенін анықтады. Ол үй-жайдан ақша салынған қобдишаны ұрлап кеткен.
Нұр-Сұлтан қаласының ПД Сарыарқа ауданы ПБ қызметкерлері тергеу барысында күдікті тұлғаның жеке басын анықтады. Күдікті осыған дейін аталған монша кешенінде жұмыс істеген. Бұрын ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ол ақшаның қай жерде сақталатынын, сондай-ақ бейнекамералар орналасқан жерлерді білген.
Полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады. Ер адам жасаған іс-әрекетін мойындады.
Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, оның елорда аумағында бұрын жасалған қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.