Автокөлік нөмірлерін ұрлаған ұрылар анықталды
Ақтөбеде ресейлік тіркеудегі нөмірлерді ұрлап, содан кейін олардың иелерінен ақша талап еткен қылмыскерлер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Белгілі болғандай, күдіктілер автокөліктерден тіркеу нөмірлерін ұрлап алып, иелеріне «Telegram» мессенджерінде мекенжайы бар жазбаны қалдырған.
Хат алмасу барысында жәбірленушілер шотқа 20-дан 50 мың теңге сомаға дейін ақша аударып, төлем жасалғаннан кейін геолокация арқылы нөмірлердің орналасқан жері туралы ақпарат алған.
Тергеу барысында полиция қызметкерлері автокөлік нөмірлерін ұрлаған екі бопсалаушыны анықтады. Сондай-ақ, олар бопсалау арқылы ақша талап ету мақсатында ресейлік тіркеудегі сегіз автокөліктен мемлекеттік тіркеу нөмірлерін алып кеткендігі анықталды.
Аталған факті ҚР ҚК-нің 194-бабы (Бопсалау) бойынша қылмыстық іс жүргізілуде және облыс аумағында бұрын жасалған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.