Қарағандылық қаскүнемдер көлік иелерінен ақша бопсалаған
Қарағандыда екі күдікті көліктерден ұрланған нөмірлерді иелеріне қайтару үшін төлем талап еткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 қаңтарда Қарағанды қаласының ПБ Октябрь полиция бөліміне қаланың 29 және 23 жастағы тұрғындары жүгініп, түнде белгісіз біреулердің олардың көліктерінен мемлекеттік тіркеу нөмірлерін ұрлап кетіп, кейінірек аталған нөмірлерді қайтару үшін төлем талап еткенін айтқан.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар деген күдікпен 22 және 23 жастағы азаматтарды ұстады.
Ұсталғандар істеген іс-әрекеттерін мойындады. Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабымен (Қорқытып алушылық) қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.