8 автокөлік айыппұл тұрағына қойылды
Павлодар облысында рейдтік шаралар басында бір күн ішінде 8 автокөлік айыппұл тұрағына тоғытылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Рейдтік іс-шараның бір күнінде 8 автокөлік иелерінің түрлі құқық бұзушылықтары үшін айыппұл тұрағына қойылды. Үш жағдайда жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін елемей, өздерінің де, басқа адамдардың да өміріне қауіп төндіріп, мас күйінде автокөлік басқарған. Айта кету керек, екі тұрғынның да жүргізушілік куәлігі болмаған, дәлірек айтқанда, олар куәлікті ешқашан алмаған, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғалым Сарғұлов.
Құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік материалдар жинақталып, сотқа жіберілді.
Сот аталған екі азаматқа қатысты 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу туралы шешім қабылдады. Үшінші тұлға 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, сонымен қатар жеті жылға жүргізушілік куәлігінен айырылды.
Полицейлер тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және ережелердің баршаға бірдей екенін ұмытпауға шақырады.