Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Кеспенің ішінен ұялы телефон мен сим-карта табылды

ШҚО түзеу мекемелерінің бірінде отырған сотталған азаматқа әкелінген сәлемдеменің ішінен телефон мен сим-карта табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілер қылмыстық-атқару заңнамасының талаптарына сай кездесулерге және сәлем-сауқат алуға құқылы.

Сотталғандардың біріне әкелінген азық-түлікті тексеру кезінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ОВ-156/18 мекемесінің қызметкерлері түзеу мекемесіне тыйым салынған заттарды өткізуге талпыну дерегінің жолын кесті.

Мекеме аумағына жеткізілген барлық сәлемдемелер жүк тексеруге арналған рентгентелевизиялық құрылғы арқылы өткізіледі.  Осылайша, тексеру кезінде жылдам  әзірленетін кеспе ішінде металлопластиктен жасалған бөгде заттың көлеңкелері анықталды. Атап айтқанда сотталған азаматқа жеткізілген тез әзірленетін кеспенің ішіне ұялы телефон, оған қоса аккумуляторлық батарея және сим-карта салынған болып шықты.

– Қолданыстағы нормативтік актілерге сай, кездесуге келген тұлғаларды және олардың заттарын тексерместен бұрын, тексеру тобының қызметкерлері оларға тыйым салынған заттарды алып кіруге жол берілмейтіндігі және ондай әрекеттің құқықтық салдарлары жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Алайда, сотталғандарға тыйым салынған заттарды әкелу деректері күні бүгінге дейін тыйылмай отыр, – деді мекеме бастығы Аслан Нурбеков.

Тыйым салынған заты бар сәлем-сауқат жөнелтуші “жанашырлар” үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған және де осы мәселе бойынша тұрақты негізде тәрбиелік маңызы бар әңгімелер мен жақын туыстарына хабарламалар табыс ету түріндегі алдын алу шаралары жүзеге асырылып отырылады.

– Сотталған азаматтардың туған-туыстарымен хабарласуы үшін мекеме аумағында таксофон құрылғысы орнатылған және бұл бағытта ешкімнің құқығы шектеліп отырған жоқ. Ал тыйым салынған заттарды жолдаушылардың әрекеті сыни көзбен бағалануы тиіс, себебі, олар осындай әрекеттерімен мекемеде жазасын өтеп жүрген өздерінің жақындарын мекемедегі ішкі тәртіп ережелерін бұзуға итермелейді, соның салдарынан олардың мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы және әлеуметтік ортаға оралуы кейінге шегеріледі, – деді мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жәнібек Сыдыков.

Тыйым салынған заты бар сәлем-сауқат жолдаушыға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, материалдар Шығыс Қазақстан облысының Жарма аудандық сотына мән-жайы бойынша қарау үшін жолданғанын айта кету керек.

Сондай-ақ оқыңыздар
  1. Aliya :

    Мына мақаланың орысшасы бар ма? Жария етіңіздерші. Сілтеме жасап, өзіміздің сайтқа шығарайын деп едік.

Жауап қалдыру