Жөндеу жұмыстарын жүргізген күдікті зейнеткердің карточкасын ұрлап кеткен
Қарағанды облысында пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізген азамат зейнеткердің банк карточкасын қолды еткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18 қаңтарда Қарағанды облысы Балқаш қаласының полиция бөліміне 70 жастағы қала тұрғыны жүгінді. Зейнеткер пәтерде жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмектесу үшін көмекші шақырғанын түсіндірді.
Көмекші қажетті жұмыс көлемін жасаған соң кетіп қалған. Көп ұзамай зейнеткердің ұялы телефонына оның шотынан 40 мың теңгесінің алынғандығы туралы хабарлама келген.
Зейнеткер көмекшінің құр қол кетпегенін түсініп, полицияға хабарласқан.
Ол егде әйелдің сенімін пайдаланып, жатын бөлмесіне кіріп, үстел үстінде жатқан банк картасын ұрлап кеткен.
Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы қылмысты жасауға күдікті ретінде 31 жастағы ер адамды ұстады, ол өз қылмысын мойындады.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабымен (Ұрлық) қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.