Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтауда «Жедел жәрдемге жол бер» акциясы өткізілді

Ақтауда полицейлер мен өрт сөндірушілер «Жедел жәрдемге жол бер» профилактикалық акциясын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Акцияның мақсаты – жүргізушілерге жедел жәрдем, өрт сөндіру, полиция немесе газ қызметі секілді арнайы жарық және дыбыс сигналдары іске қосылған жедел және арнайы қызметтердің көліктеріне жол беру қажеттігін еске салу.

Іс-шара барысында өрт сөндірушілер мен полицейлердің қызметтік автокөліктері көлік қарқыны үдейтін қарбалас уақытта қаланың басты көшелерімен жүріп өтті. Әдетте жүргізушілер жедел қызметтердің арнайы көліктеріне жол бергісі келмегендіктен, келеңсіз жағдайлар орын алып жатады.

– Жол қозғалысы ережелері бойынша жүргізушілер арнайы дыбыстық сигналды естіген кезде жедел қызметтердің көліктерінің кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін жылдамдықты азайтуы қажет, – деп еске салды патрульдік полиция батальонының взвод командирінің орынбасары Нұрбақыт Тәттібаев.

Рейд профилактикалық болса да, іс-шара барысында анықталған құқық бұзушыларға ҚР ӘҚБтК-нің 598-бабы (Арнайы жарық және дыбыс сигналдары iске қосылған жедел және арнайы қызметтер көлiк құралының жүруiне басымдық бермеу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, жеті АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

– Жедел қызметтедің автокөліктері шақыруға бара жатқан кезінде жол-көлік оқиғасына ұшыраған жағдайда полиция қызметкерлері келгенге дейін және мән-жай анықталып, хаттама толтырылғанға дейін оқиға орнында қалуы тиіс. Осындай жағдайлардың кесірінен, адамдарды құтқаруға болатындай уақытты жедел қызметтердің қызметкерлері бос жоғалтады. Сондықтан да біз көлік жүргізушілеріне арнайы көліктерге жол беруді өтінеміз, – деп атап өтті Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы Жанарбек Бақтыбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру