ШҚО ҚАЖД қызметкерлері «100 игі іс» акциясын жалғастыруда
ШҚО бойынша ҚАЖД пробация қызметінің еріктілері ерекше балаларға арналған оңалту орталығының ауласының қарын күреп, қоғамдық жұмыстарға атсалысуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қардың қалың жаууы бірқатар мекемелерді әбігерге салуда, осыған байланысты Өскемен қалалық пробация қызметінің қызметкерлері еріктілермен бірге Өскемен қаласында орналасқан «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталығына» барып, балалардың ойын алаңдарын қардан тазартуға көмек көрсетті.
– Өскемен қаласы бойынша пробация қызметінің еріктілері өз көмектерін көрсетіп жатыр. Сондай-ақ сотталғандарға да әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Біздің еріктілердің көмегімен жүргізілген жұмыстардың жемісі де аз емес, – деді пробация қызметінің қызметкері Темирлан Альдебаев.
Пробация қызметкерлерінің еріктілермен бірлесіп жасаған жұмысына риза болған мекеме басшылығы да өз алғыстарын білдіруде.
– Осындай игі істерді бұдан әрі де жалғастырып, мейірімге мұқтаж жандарды жан-жақты қамтимыз деп ойлаймыз. Сонымен қатар қоғамдық қорлар және мемлекеттік мекемелермен бірлесіп, есепте тұрған өмірлік қиын жағдайға тап болған сотталған азаматтарға да көмек көрсету жоспарда бар, – деп қосты Темирлан Альдебаев.